воскресенье, 19 августа 2007 г.

Демалу мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

Менің қызығушылықтарымның бірі тауға шығу. Негізінен Алматының маңындағы табиғаты шұрайлы, аты әйгілі жерлердің барлығына дерлік бардым. Бірақ тауға барған сайын мені бір нәрсе әрі мазалап, әрі намысыма тиеді. Өткен жексенбі Шымбұлақтың шыңына барып қайттым. Таңертенгі сағат 9.00-дан бастап Медеуге баратын аялдамада 1 сағатқа жуық тұрдым. Сонда ертесімен қоржын асынып демалысқа бет алғандардың дені орыс, кәріс және елімізді мекендеген өзге ұл өкілдері, одан қалса қаламызға үш күндік болса да жұмыс сапарымен келген шетелдіктер екендігін байқауға болады. Ендігі менің бақылағаным – бұрын өзіммен тауға шығып жүрген жолдастарды кездестіремін бе жоқ па. Өкініштісі олар да жоқ болып шықты.
Сұрақ: неге қазақтар, оның ішінде қазақ жастары қолында тұрған алтынның қадірін білмей, Алматыда 10 жыл тұрса да Шымбұлаққа, Үлкен Алматы көліне, Тұйық су мұздықтары сынды керемет жерлерге бармайды?
Бұл мәселені шешу мақсатында мен бұрын өзім баратын жерлерге жолдастарымды жиі шақыратын болдым. Әрбір сапарымыздан кейін сол жолдастарым таң-тамаша болып, өздерін алып шыққанына маған ризашылықтарын білдіретін. Содан енді келесі апталарда олар да сондай жерлерге өзге жолдастары мен туғандарын апарады ма деген үмітім осы күнде үзіліп барады.
Осы құбылыстың себептеріне үңіле отырып мынадай қорытындыға келдім:
Жоғарыдағы сұрағыма жауап:
Қазақ жастарында табиғатқа шығу мәдениеті қалыптаспаған. Ауылдарында «маевка», «пикник» ұйымдастырып жүрген жастар қалада ресторан, кафе, биллиярд залдары сынды орындарға жаппай бет бұрады.
Керемет жерлердің бар екендігін білмейді, білсе де баруға ниет білдірмейді.
Сенбі, жексенбі күндеріне тойға бару, ұйқыны қандыру, үй жинау сынды бітпейтін жұмыстарын жоспарлап қояды.
Астында көлік, қалтасында таксиге ақша болмаса, кезінде мал бағып жүріп талай км-ді жаяу жүргендерін ұмытып, жанын қинап жаяу жүргісі келмейді.
Жалғыз барғысы келмейді, барам деп өзгелерді не ұйымдастыра алмайды, не достары ондайға қызықпайды. Сондықтан бастамасы үнемі аяқсыз қала береді.
Әрине жақсы демалыс орындарына жету, ол жерде тамақтану бағалары едәуір қымбат.
Осы күнгі күйбелең жұмыс, мақсатына жету жолындағы қарбалас жастардың ой-санасын жаулап алған. Бұл көбінде уақытын тиімді пайдаланбаудан, әрі денсаулығына селқос қарағаннан шығады. Көбіне-көп бір уақыт болса да таза ауада демалу керектігін ұмытып кетеді.

Міне осы себептерден жастар көп нәрседен құр қалып отыр. Осы мәселеден шығар жолды қалай табар едіңіздер?

пятница, 10 августа 2007 г.

Сауатты пікірсайыс болды ма?

Соңғы кездегі "Қазақстан" мен "Хабар" телеарналарындағы партия басшыларының пікірсайыстарын көре отырып, әлі де болса үйренеріміз көп деген ойға келдім.
Халық, менің ойымша, үміткерлерден нақты іс жоспарларын, өзгелерден артықшылықтарын нақты мысалдар арқылы сыпайы, сауатты түрде көрсетуін күтіп, арада шынайы пікірсайыстың болғандығын қалады. Дегенмен, көп жағдайда оған регламент пен екі тілдік бөгет болған секілді. Ал "31 телеарнадағы" пікірсайыстарға келер болсақ, үміткерлердің көп жағдайда жеке басқа қол сұғып, "кезінде билік басында болғанда неге істемедің?" дегенге жиі кетіп қалатын сияқты. Осы жерде "ол кездегі Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері мен қазіргілерін салыстыруға келмейді емес пе?" деген жауап қылтиып шыға келеді. Қалай десек те, кейбір ел тұтқасын ұстауды аңсаған аға-апаларымыз халық алдында тұрғандығын ұмытып кететін сынды.
Қол бастағанға қарағанда көп алдында сөз бастаудың анағұрлым қиын екендігін әуел бастан мойындаған халық даналығына тағы бір бас ұрасың. Көзбен көрі, құлақпен естігеннен тәлім алайық.

понедельник, 30 июля 2007 г.

Ғаламторда қанша іс бітіресіз?

Сэнфорд институтының зерттеуінің қорытындысына сәйкес, интернетті қолданушылардың 90% электронды пошталарын қолданады екен. Одан кейінгі ғаламтордағы уақытының көбін жалпы ақпарат іздеумен, кітап оқумен өткізеді екен. Ал ғаламторда ойын ойнауды сауалнамаға қатысушылардың 36% қалайды екен. Бір қызығы, сұралғандардың 24% ғана чатқа кіреді екен.
Ал ғаламтордың мүмкіндіктерін пайдаланушылардың көбі 6-8 ғана функциясын пайдаланады.
Сонымен қатар зерттеудің нәтижесіне сәйкес ғаламторды пайдаланушылар неғұрлым интернетте көп отырған сайын соғұрлым әлеуметтік ортасынан алыстап, көп уақытын жұмыс орнында немесе үйінде өткізеді екен. Олар өзгелермен салыстырмалы түрде дүкендерге бір нәрсе сатып алуға немесе көлікпен бір жерге баруға аз уақыт жұмсайды. Сонымен бұл өзге елдегі тек бір ғана инситуттың сауалнама арқылы жүргізген зерттеуі ғана.

Ал сіз интернетте қанша уақыт өткізіп, сол уақыт аралығында ғаламтордың неше функциясын қолданып отырмын деген сұраққа жауап іздеп көрдіңіз бе?


Бұл зерттеу турасында толық ақпаратты келесі сілтемеден ала аласыздар.

пятница, 27 июля 2007 г.

Менің блогымның ашылу тарихы


28.07.2007 күні Асхат Еркімбайдың бастамасымен өткізілген семинар көзімді ашты. Қазақ тілді блог жүргізетін бірқатар замандастармен кездесу барысында олардың осы істі бастаудағы мақсаттары мен қызығушылығын білдім. Бір таң қалдырғаны - олардың барлығы блог ашуды өз басымен үйреніп, оны меңгере салысымен өзгелермен бөлісуге әрдайым дайын. Арамызда IT саласында маманданған тек Қуаныш еді. Қалғандарымыз әр саланың өкілдеріміз. Соған қарамастан көпшілікке қиын көрінетін нәрсеге қызығушылық мол.
Сонымен кездесу барысында өз блогымды ашып, оның мүмкіндіктерімен танысуды жалғастырып жатырмын. Осымен "блог" атты кішкене, әрі бір мезетте мүмкіндігі мол тетіктің қызығын өзім ғана емес өзгелер де көрер деген үміттемін. Асхатқа ерекше алғыс білдіремін.